ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауына ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының қызметкерлері үн қосты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауына Академия филиалдарының қызметкерлері де үн қосты.
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саида Садуақасова «Жолдауда Мемлекет Басшысы ел назарын өзінің болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс екендігіне тағы бір мәрте аударды. Бүгінде білім беру мазмұнының жаңарып, жаңғыруына байланысты мемлекеттік органдарда, өндірістік ұйымдарда, ғылыми мекемелер мен білім беру, оқу-тәрбие жүйесінде мемлекеттік тілдің қызмет ету аясы айтарлықтай кеңіді. Бұл бағытта биылғы «Президенттік жастар кадр резерві» конкурсына үміткерлерден талап етілетін құжаттардың қатарында мемлекеттік тілді жоғары меңгеру деңгейі бойынша В1 деңгейінен төмен емес сертификаттың болуы, Академияның магистратура және докторантура бағдарламаларына құжат тапсыруда аталмыш сертификаттың талап етілуі – мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың қатарын арттыруға қосылған үлес деп білемін»,-деп пікірін білдірді.
Қазақстанның болашағы – ауыл шаруашылығы саласы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты екендігін тағы бір мәрте атап өтті. Халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету тиімсіз баға қалыптастыру, ауа-райының қолайсыздығы, көтерме-тарату желісінің болмауынан мүмкін болмай отыр.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі бола отырып, зор әлеуетке және үлкен резервтерге ие. Аграрлық секторда жаңа, сындарлы қадам жасау, ел ішінде шикізатты өңдеу үшін жағдай жасау, инвестициялар мен жаңа агротехнологияларды тарту, мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығын қамтамасыз ету, олардың тиімділігін арттыру қажеттігі туралы айтылды.
Қазақстан халқының 42% ауылдық жерлерде тұрады, бұл шамамен 7,7 млн.адам құрайды. Бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 14% жұмыспен қамтамасыз етеді. Қазақстанда ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі 4,5% -дан аспайды.
Жалпы Қазақстанның аграрлық секторы жоғары капитал сыйымдылығымен, ұзақ өтелу мерзімімен, төмен табыстылығымен, табиғи-климаттық жағдайларға тәуелділігімен сипатталады, бұл оны экономиканың басқа салаларымен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін төмен етеді.
2019 жылғы Азық – түлік қауіпсіздігі индексіне (2019 The Global Food Security Index) сәйкес, Қазақстан рейтингке қатысушы 113 елдің ішінде 48-орынды (2018 жылы-113 елдің арасында 57-орынды) иеленді.
Бұл рейтингтегі барлық мемлекеттер үш негізгі көрсеткіш бойынша бағаланады:
– азық-түлікке қолжетімділік деңгейі;
– тамақ өнімдерінің болуы және жеткіліктілігі;
– азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігі деңгейі.
Көрсетілген критерийлердің әрқайсысы 19 түрлі көрсеткішті қамтиды, олардың мәндері екі жылдық кезең ішінде өлшенеді. Есептеу кезінде халықаралық ұйымдар мен ұлттық институттардың деректері пайдаланылады. Рейтингтегі елдің жоғары позициясы оның азық-түлік қауіпсіздігі жоғары деңгейде екенін білдіреді.
Ауыл шаруашылығы секторы соңғы жылдардағы дамудың оң серпініне қарамастан, әлі күнге дейін көптеген теріс үрдістер еңсерілмеген отандық экономиканың рентабельділігі төмен секторларының қатарында болып отыр. Егер 1991 жылы Қазақстанның АӨК ЖІӨ-нің үштен бір бөлігін (29,5%) қамтамасыз етсе, бүгінде АӨК ЖІӨ-нің шамамен 4,5% өндіреді.
Коронавирустық пандемия Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етті. Шекаралардың жабылуы, келісімшарттардың күшін жою және азық-түлік жеткізілімдерінің кешігуі импортты алмастыру бағытында әрекет етуді, ішкі тұтыну үшін мүмкіндігінше көп өнім өндіруді қажет ететіндігін байқатты.
Жолдауда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына әкімдердің тікелей жауапкершілігі тәуелсіз әлеуметтік сұраулар арқылы жүргізілетін болады делінді. Бұл әкімдердің қызметін жан-жақты объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Есберген Раушан – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының профессоры, э.ғ.к