Мақсатты аудиторияны негізінен мемлекеттік тілді іскерлік хаттарды жазуда, көпшілік алдында сөз сөйлеуде және өзара коммуникация барысында қолданатын мемлекеттік қызметшілер құрайды.
QAZAQ RESMI TEST-ті мемлекеттік қызметшілерден бөлек, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар өз қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау және оны оқудың кейінгі саясатын қалыптастыру үшін қолдана алады. Сондай-ақ, QAZAQ RESMI TEST-ті жоғары оқу орындарына және «Болашақ» ХБО-на ұсынуға болады.
2021 жылы QAZAQ RESMI TEST сертификатының болуы Мемлекеттік басқару академиясына магистратураға және докторантураға оқуға түсу кезінде ағылшын тілімен қатар міндетті талапқа айналады. Оған қоса, біз 2021 жылы Президенттік жастар кадр резерві 2.0-ге енуге үміткерлердің QAZAQ RESMI TEST тестілеуінен өтуін міндетті деп қарастырдық.
QAZAQ RESMI TEST-ті тапсыруға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ақылы негізде дайындалуға болады. 72 сағаттық курстар («Орфографиялық нормалар және мемлекеттік тілде іс-қағаз жүргізу», «Ресми хат және көпшілік алдында сөз сөйлеу») топтық әрі жеке оқыту түрінде өтеді.
Курстар қазақ тілінің ресми-іскерлік стилін білу деңгейін арттырғысы келетін және тілдік дағдылардың жиынтығына ие болғысы немесе оны дамытқысы келетіндерге ұсынылады. Бір деңгейдің бағдарламасы 72 академиялық сағатқа есептелген. Ұсынылып отырған курстарда тыңдаушылар эссе, талдамалық жазбалар, сараптамалар, есептер, баяндамалар жазу әдістемесі мен техникасын игереді, шешендік өнердің тәжірибелік дағдыларын және дұрыс аударма жасау, мемлекеттік тілде іс-қағаз жүргізу техникасын меңгереді.