Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл бойынша тестілеудің жаңа форматы – QAZAQ RESMI TEST-тің ресми таныстырылымы

2020 жылдың 23 желтоқсанында ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында әзірленген ресми-іскерлік қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын QAZAQ RESMI TEST (бұдан әрі – QRT) атты тестілеудің жаңа форматы таныстырылды.

Брифингке Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан ӘБІЛ, www.qrt.kz  сайтын әзірлеуші компания – «TALANTIZ» ЖШС-нің басқарушы серіктесі Дана ДЖАКУПОВА және тестілеу әдістемесі авторларының бірі, Мемлекеттік басқару академиясының  Мемлекеттік тілді оқыту кабинетінің меңгерушісі Нәзигүл ТӨЛЕНБЕРГЕНОВА қатысты.

QAZAQ RESMI TEST – бұл тілдік біліммен қатар, ресми-іскерлік хат және мемлекеттік тілде сөйлеу деңгейін қоса алғанда, тілді меңгеру деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін онлайн тест. Аталмыш тест негізінен ересек аудиторияға арналған және ғылыми, ресми-іскерлік стильдегі мәтіндерді (талдамалық хаттар және сарапшылық қорытындылар, баяндамалар) құрастыру, көпшілік алдында сөз сөйлеу, сұқбаттасу кезінде сұрақтарға жауап бере алу дағдыларын анықтауға бағытталған. Ағымдағы жылдың шілде айында тестті Академияға оқуға түсуге үміткерлер сынақтан өткізді. Оған қоса, шамамен 100 мемлекеттік қызметші  ерікті түрде тестілеуден өтті.

 «Қазақстан Республикасында қазақ тілін оқу мектепке дейінгі кезеңнен бастап жоғары білімді қоса алғанда нормативті түрде білім беру стандарттарында қарастырылған. Кәсіби қызметте қазақ тілін жалпы деңгейде ғана меңгеріп қоймай, ресми-іскерлік стильдегі түрлі мәтіндерді құрастыра алу қажет және көпшілік алдында ресми сөйлеу стратегияларын қолдану керек. Академияда Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді деңгей бойынша оқыту тұжырымдамасы бекітілген, оның негізінде  QAZAQ RESMI TEST әзірленді.

2021 жылы қазақ тілін қажетті деңгейде меңгергендігін растайтын сертификаттың болуы Мемлекеттік басқару академиясына магистратураға және докторантураға оқуға түсу кезінде міндетті талапқа айналады. Оған қоса, Президенттік жастар кадр резерві 2.0-ге енуге үміткерлер үшін де осындай талап қоюды жоспарлаудамыз» – деп атап өтті Ерлан Әбіл.

QAZAQ RESMI TEST әдіснамасы Тілді деңгей бойынша оқыту тұжырымдамасына сәйкес және орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған мазмұндағы типтік оқу бағдарламалары негізінде әлемдік тәжірибені ескере отырып әзірленгендігін және орфография, тыңдалым, оқылым, жазылым және қазақ тілінің ресми-іскерлік стилінде сөйлеу бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі нормаларды қамтиды. Тұжырымдамаға сәйкес  қазақ тілін меңгеру негізгі (А1, A2), орта (В1, В2) және жетілген (С1, С2) деп үш деңгейге бөлінеді.

Әдістеме авторларының бірі Нәзигүл Төленбергенованың айтуынша, Тұжырымдамада айқындалған оқыту жүйесі мәтін құрастыру (баяндамалық, талдамалық-сарапшылық), жоғары оқу орнынан кейінгі аудиторияның көпшілік алдында қазақ тілінің ғылыми, ресми-іскерлік стильдерінде сөйлеу дағдыларын деңгей бойынша меңгеруіне бағытталған.

«Біз Академияда мемлекеттік тілді оқытудың тіл саясатын кешенді түрде қарастырамыз. Біріншіден, тестілеуден өтушінің ағымдағы деңгейін бағалаймыз және оның қазақ тілін оқу траекториясын құрамыз. Екіншіден, мемлекеттік тілді оқытуда кәсіби жазу және шешендік өнер дағдыларын дамытуға ден қоямыз» – деді Нәзигүл Төленбергенова.

QAZAQ RESMI TEST 4 бөлімнен тұрады: «Тыңдалым», «Лексика және грамматика», «Жазылым» және «Бейнесұқбат».

«Тыңдалым» және «Лексика-грамматика» бөлімдерінде тест сұрақтары берілген, олардың нәтижелерін жүйе автоматты түрде тексереді. Жазылым бөлімі  «Онлайн эссе» модулінен тұрады. Онда үміткер шектелген уақыт ішінде және белгіленген сөз көлемінде онлайн режимде тапсырмаға жауап жазуы қажет. «Бейнесұқбат» бөлімінде үміткермен нақты уақыт режимінде онлайн сұқбат жүргізіледі. Соңғы екі бөлім бойынша бағалауды тәуелсіз сарапшылар 2 жұмыс күні ішінде жүргізеді.

Тілді меңгеру деңгейін бағалаудың дәстүрлі әдістеріне қарағанда,   QRT-ті веб-камерасы, микрофоны бар және жылдамдығы кемінде 5 Мб/сек болатын интернетке тұрақты қосылған компьютер болған жағдайда кез келген ыңғайлы уақытта тапсыруға болады. Оған қоса, www.qrt.kz-та бет-әлпетті тану жүйесі қарастырылған, ол арқылы тестілеуге қатысатындар сәйкестендіруден өтеді.

 «QRT-те  прокторинг жүйесі қарастырылған. Онда аудио және бейнебақылау жүргізіледі, ол өз кезегінде тестілеуден өтушілердің жұмыс аймағынан кетуіне, жаңа терезелерді және қосымша қойындыларды ашуына мүмкіндік бермейді. Ереже бұзушылық анықталған жағдайда тестілеу нәтижелері екінші рет тапсыру мүмкіндігінсіз автоматты түрде жойылады» – деп атап өтті www.qrt.kz сайтын әзірлеуші компания – «TALANTIZ» ЖШС-нің басқарушы серіктесі Дана Джакупова.

QRT онлайн тестілеуінің тағы бір негізгі артықшылығы автоматты шифрлау жүйесі болып табылады. Онда тәуелсіз сарапшылар авторлары белгісіз, сәйкестендірудің халықаралық стандарты – UUID-ға (әмбебап бірегей сәйкестендіруші) сәйкес шифрланған жұмыстарды бағалайды, ол өз кезегінде жұмысты бағалаудың толық объективтілігін және тексеріс ашықтығын қамтамасыз етеді. Үміткерлерді тестілеу нәтижелері сарапшылар үшін 32 нышандық шифр түрінде көрсетіледі.

QAZAQ RESMI TEST-ті мемлекеттік органдар, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар өз қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау және оны оқудың кейінгі саясатын қалыптастыру үшін қолдана алады. Сондай-ақ, QAZAQ RESMI TEST-ті жоғары оқу орындарына және «Болашақ» ХБО-на ұсынуға болады.

Тестілеуден www.qrt.kz сайтында өтуге болады, төлем тікелей сайтта жасалады, құны – 5000 теңге.

Тестілеудің жалпы уақыты – 30 минут. Тыңдалым кезінде тестілеуден өтуші бейнематериалды тыңдайды, 5 тест тапсырмасын орындайды, орындауға берілетін уақыт – 5 минут. Лексика-грамматика бойынша 10 тестті орындайды, берілетін уақыт – 10 минут. Жазылым кезінде берілген шешендік сөз немесе қанатты сөз бойынша 5 сөйлемнен тұратын ресми-іскерлік мәтін құрастырады. Сұқбат жазбаша бөліммен тығыз байланысты, тестілеуден өтуші хаттың мәтіні бойынша сұрақтарға жауап береді.  Начало формыКонец формы

Анықтама үшін:

QAZAQ RESMI TEST-ті тапсыруға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ақылы негізде дайындалуға болады. 72 сағаттық курстар топтық әрі жеке оқыту түрінде өтеді. 

Анықтама телефондары: 8 (7172) 75-32-70

https://www.apa.kz/ru/yazykovye-kursy/

Деңгейлік курстар әңгімелесу дағдыларын дамытып, естуді жақсартқысы және тілдік, психологиялық кедергіні жойғысы келетін, еркін сөйлеп, сөздік қорын толтырғысы келетін барлық адамға ұсынылады. Қашықтан оқытудың деңгейлік дайындық курстарын Академияның жоғары білікті оқытушылары жүргізеді.