Мемлекеттік қызметшілердің қызметін ақпараттық-имидждік сүйемелдеу және мемлекеттік қызметшінің оң келбетін қалыптастыру бойынша 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын орындау аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы филиалы жанынан Мемлекеттік қызметте адам ресурстарын дамыту орталығы ашылып, өз жұмысын бастады.
Орталықтың жұмысы пікір алмасу алаңы форматында өткізіледі және онда мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың новеллалары туралы ақпараттар, оның ішінде ауқымды түсіндіруді талап ететін сұрақтарға жауаптар ұсынылады, іріктеу рәсімдерін, мемлекеттік қызметті өткеру, тоқтату және тәртіптік практика бағыттары бойынша талдау нәтижелері шығарылады.
Шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Медет Т.Б, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Садуакасова С.А, мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтерінің өкілдері, «Үздік мемлекеттік қызметшілер» байқауының қатысушылары, қайта даярлау курсының тыңдаушылары қатысты.
Өңірдегі мемлекеттік қызметте адам ресурстарын дамыту орталығының тұсауы – «Үздік практика» жобасымен кесілді.
Жобаның мақсаты өз қызметінде озық тәжірибе енгізген, пайдалана отырып ерекше нәтижеге қол жеткізген талантты мемлекеттік қызметшілерді дәріптеу және олардың тәжірибесін тарату.
Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында «Үздік практика» жобасының аясында мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы мен сұранысын арттырып, мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұлғалар арасында мақтаныш сезімін қалыптастыру мақсатында «Söile & SAY» қазақша сөйлесу клубын ашқан Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Мырза Малика Серікқызы, компьютерлік техникаларға тәуелділік айрықша артқан тұста мемлекеттік қызметшілердің кітап оқуға қызығушылығын арттыруды көздейтін «Кітаптайм» жобасын қолға алған Байғанин аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Рита Халыққызы, Мемлекеттік бағдарламалардың ауылдық жерлерде жүзеге асырылуын халыққа жеткізу, ауыл әкімдерінің еңбектерін дәріптеу мақсатында «Ауыл әкімінің бір күні» жобасын жүзеге асырып жүрген Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Кабылов өз тәжірибесімен бөлісті.
Орталық отырысы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерінің, оның ішінде еңбек демалысын беру мен іссапарға жіберу мерзімдерінің және төлемдерінің төленуінің сақталуына жасалған талдау қорытындысымен таныстырумен жалғасты.
Шара республикалық және өңірлік байқаулардың жүлдегерлері мен қатысушыларын марапаттауымен қорытындыланды.